Театр туралы

Home / Театр туралы

«Жастар театры» – өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Өзінің небәрі 10 жылдық тарихында Халықаралық, Республикалық деңгейдегі байқаулардан 10 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем.

«Жастар театры» Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айының 5-ші жұлдызында құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы Жаныш Құлмамбетов, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) түріп, жас театрдың тұңғыш директоры қызметіне Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері  Ғани Құлжанов тағайындалса, 2013-2015 жылдары театр тізгіні Айболат Сексенбаевта болды. Бүгінгі таңда бұл қызметті Ернар Жұматаев абыроймен атқарып келеді. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекші және бас режиссер –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Театр актерлерінің 99 пайызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, режиссер Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәрбиеленген шәкірттер. Жаңа театрдың іргесін қалап, өнердің үлкен даңғылына шыққан бір топ талапкер –  «Тұңғыш Президент – Елбасы қоры» сыйлығының  иегері Дәурен Серғазин, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты және Президент стипендиясының иегері Әділ Ахметов, Президент стипендиясының иегері Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Азамат Эсқұлов, Бақыт Хаджыбаев, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қалаушылар, жас та болса ұжымның аға буыны саналады.

…Шымылдығын түрген күннен шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз театрдың өнер өлкесін мойындатуда республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы жас труппаға үлкен серпін берді. Атап айтар болсақ, 2007-2008 жылдар аралығында театр ұжымы Батыс Қазақстан өңірі, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Павлодар облысы – Павлодар, Екібастұз, Ақсу;  Қызылорда, Шымкент, Қарағанды сынды еліміздің ірі-ірі қалалары мен елді-мекендерін аралап, өз өнерін паш етті. Республикалық және Халықаралық театр фестивальдерінде өзгелерден оза шауып, жүзден жүйрік шығуы да Жастар театрының жұлдызын биік етті.

2008 жылдың қазан айында Ш.Айтматовтың туғанына 80 толуына орай ұйымдастырылған Қырғыз Республикасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық «АRТ ОRDО» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған «Жан азабы» спектаклі (инсценировка авторы  Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация: «Ең үздік спектакль» – Гран-При, «Жоғары деңгейдегі көркемдік шешімі үшін» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарында марапатталды. Ал, дәл осы жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес, Н.Гогольдің «Ревизоры» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесіне лайық  деп танылды.

2009 жылдың сәуір, мамыр айларында театр ұжымы Алматы облысының 12 ауданы мен 36 елді мекенінде қойылым қойып, гастрольдік сапарын сәтті өткізді.

2009 жылы Қарағанды қаласында 10 күндік өнер сапарын өткізіп, сонымен қатар, Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған XVII Республикалық театрлар фестивалінде Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклі (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  Халық артисі «Жәмила Шашкина» атындағы сыйлықтың иегері атанды. Кәсіби тұрғыда шыңдалған қызықты қойылымдарымен Қарағандылық жұртшылықты тәнті етіп қайтты.

Сондай-ақ, театр ұжымы 2010 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ Халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне Ш.Айтматов пен Ә. Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы Ж.Құлмамбетов) қатысып, «Үздік режиссер», «Үздік Шыңғысхан рөлі» (Шыңғысхан ролі үшін Әділ Ахметов) аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен театр ұжымы актерлік, режиссерлік шеберліктерінің кәсіби деңгейде екенін тағы да дәлелдей түсті (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай). 

«Жастар театрының» талантты өнерпаздары 2010-2011 жылдары Тараз, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда қалаларында гастрольдік сапарда болып, өңір халқын өнерімен сусындатты.

2011 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып ұйымдастырылған XIX театрлар фестивалінде С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол»  қойылымы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  «Ең үздік спектакль» – Гран-При сыйлығының иегері атанды.

2011 жылдың қараша айында директордың орынбасары Ләзима Сайбанова Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды.

2012 жылдың 9-13-ші сәуірі аралығында Ашхабад қаласында өткен «Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері» атты Халықаралық театрлар фестивалінде «Жастар театрының» көрсеткен өнері жоғары бағаланып, арнайы дипломмен марапатталды.

2012 жылы Алматы қаласында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында театрдың 5 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті.

2012 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестивалінде Н. Гогольдің «Ревизор» қойылымы Гран-При – «Ең үздік спектакль» жүлдесіне лайық деп танылды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2012 жылы «Жастар театры» Мәдениет және өнер саласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атағы және «Соңғы жылдардағы спектакльдері үшін» белгісімен марапатталды.

2013 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Эскишехир қаласының губернаторының арнайы шақыруымен Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымы көрермендер назарына ұсынылды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2013 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында жазушы, драматург Т.Ахтановтың 80 жылдығына арналған ХХI Республикалық театр фестивалінде Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» қойылымы (инсценировка авторы және қоюшы режиссері Нұрқанат Жақыпбай, режиссері Дәурен Серғазин)  «Ең үздік жастар образы» номинациясын иеленді.

2014 жылдың қыркүйек айы театр ұжымы үшін табысты болды. Қызылорда қаласында өткен С.Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII Республикалық драма театрлар фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (қойылым режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) топқа түскен «Жастар театры» ұжымы қазылар алқасының шешімімен «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесін  қанжығасына байлады.

2014 жылдың қазан айында Ақтау қаласында өткен Орта Азия мемлекеттерінің V Халықаралық театрлар фестивалінде Гогольдің «Ревизор» қойылымы тағы да топ жарып, труппа мерейін үстем етті. «Жастар театры» ұжымы «Ең үздік спектакль» – Гран-При және «Ең үздік ер адам бейнесі» (Хлестаков ролі үшін Дәурен Серғазин) жүлдесімен марапатталды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2014 жылдың қараша айында Алматы қаласында өткен Халықаралық «Откровение» театр фестиваліне Марк Левидің «Жер мен Көктің арасы» мелодрамасымен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды (қойылым  режиссері Дәурен Серғазин).

2014 жылы театр режиссері Бекболат Құрманғожаевқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері»  атағы берілді, желтоқсан айында театр актері Әділ Ахметов Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері атанды.

  2015 жылдың маусым айында Татарстанның Қазан қаласында өткен Түркі    халықтарының ХІІ «Наурыз» Халықаралық драма театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, фестивальдің арнайы дипломмен марапатталды.

2015 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында ұйымдастырылған XXIIІ Республикалық драма театрлар фестивалінде С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар…» драмасы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды.  

2015 ЖЫЛДЫҢ 1 НАУРЫЗЫНАН БАСТАП ЖАСТАР ТЕАТРЫ  ЖАҢА ҒИМАРАТҚА  ИЕ БОЛЫП, ІХ ТЕАТР МАУСЫМЫНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН ТӨЛ ШАҢЫРАҒЫНДА ТҮРДІ.

2015 жылы театр актерлері: Ғани Құлжановқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері»  атағы берілді, Әділ Ахметов пен Жандәулет Батай  Президент стипендиясының иегері, ал 2016 жылы Дәурен Серғазин Тұңғыш Президент – «Елбасы қоры» сыйлығының лауреаты атанды

2016 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауға театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, «Жылдың үздік режиссері» аталымында жеңімпаз деп танылып, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл – 2016» кәсіби сыйлығының иегері болды.  

 2016 жылдың қыркүйек айында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдығына орай, Белорусь Республикасының Брест қаласында ұйымдастырылған «Белая Вежа» ХХІ Халықаралық театрлар фестиваліне театр ұжымы Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтің «Шыңғысхан» әфсанасымен (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  қатысып, «Ең әсерлі қойылым» («За зрелищное воплощение поэтических притчи»)  аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды.

Сондай-ақ, дәл осы жылдың қыркүйек айында  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІV Республикалық театрлар фестивалінде Ж.П.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклімен (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  бақ сынап,  «Үздік спектакль» – Гран-При жүлдесінің иегері атанды.  

2016 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан –Еуразия жүрегі» атты Орта Азия елдерінің VI Халықаралық фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы жүлделі  І орынды иеленді.

  2016 жылдың қараша айында, жыл қорытындысы бойынша, театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай  театр (режиссура) саласына қосқан қомақты үлесі үшін  «Мәдениет қайраткері» аталымында «Жыл таңдауы» –  «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

2016 жылдың 6-7 желтоқсан күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай, Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» («Абылай хан») халықтық қаһармандық драмалық дастанының премьерасы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ, атаулы мейрам қарсаңында театрымыздың актерлері: Ғани Құлжанов пен Бейбіт Құсанбаев, директордың орынбасары Ләзима Сайбанова  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

2017 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауда театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «Жылдың үздік режиссері» аталымында Қазақстан Театрлар Ассоциациясы тағайындаған «Сахнагер – 2017» ұлттық театр сыйлығының иегері атанды. Ал театр актері Мейірғат Амангелдин «Үміт» сыйлығымен марапатталды.  

Сәуір айында У. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) Түркістан қаласында өткен қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» Халықаралық фестивалінің «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесінің  және «Үздік әйел бейнесі» (Катарина ролі үшін Айнұр Рахипова), «Қойылымдағы ұтымды бейне» (Пертручио ролі үшін Әділ Ахметов) аталымындағы жүлделердің иегері.

2017 жылдың 20-26 сәуірі аралығында  Алматы қаласында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында театрдың 10 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті.

2017 жылдың маусым айында Н.Коляданың «Тасбақа Үміт» психологиялық драмасы (қойылым режиссері  Дәурен Серғазин) Ресей Федерациясы, Екатеринбург қаласында заманауи драматургия бойынша өткен ХІ Халықаралық Коляда–PLAYS  театр фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

Осы жылдың шілде айында Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» халықтық қаһармандық драмалық дастаны (қойылым  режиссері  Нұрқанат Жақыпбай) Астана қаласында ұйымдастырылған Қазақстан Ұлттық этникалық театрларының ІV Республикалық фестивалінде «Тарихи тақырыптағы режиссерлік шешімі үшін» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) және «Үздік ер адам бейнесі» (Абылай хан рөлі үшін Әділ Ахметов) аталымында жеңімпаз атанды.   

«Жастар театры» сахнасында көрерменге ұсынылар қойлымдар өзінің жоғары көркемдік деңгейімен, әлемдік театр мәдениеті жетістіктерін иегеру біліктілігімен ерекшеленеді.

2017 жылдың қыркүйек айында Уфа қаласында өткен «Туғанлық» VI Халықаралық түркітілдес театрлар  фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизоры» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация «Кәсіби жабдық пен ансамбльдік ойын үшін», «Үздік музыкалық безендіру», «Екінші пландағы Үздік әйел бейнесі» (Анна Андреевнаның ролі үшін Махаббат Мадғұлова) аталымдарында марапатталды.

Осы айда Бішкек қаласында өткен VI Халықаралық «ART-ORDО» театр фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (қойылым режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) қазылар алқасының шешімімен  «Үздік режиссер» жүлдесін  қанжығасына байлады және Нұрқанат Жақыпбайға Қырғызстан театр қайраткерлер одағы, қоғамдық театр өнері академиясының академигі құрметті атағы берілді.

Жасампаз театрға биыл 10 жыл. Театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі бас режисері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайға 70 жыл.

«Жастар театры» ХІ маусымын 25 қазан күні театрдың 10 жылдық, театрымыздың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты үздік қойылымдар фестивалімен шымылдығын түрді.

Фестиваль аясында көрермендер назарына:

25 қазан – Ә.Кекілбаев «Нартәуекел» /халықтық қаһармандық  драмалық дастан/;

26 қазан – Ш.Айтматов «Жан азабы» /әфсана/;

26 қазан – Т.Ахметжан «Сұлу мен суретші» /ноктюрн/;

27 қазан – Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаев  «Шыңғысхан» /әфсана/;

28 қазан – Ж.П.Пило, О.Шультез  «Моцарт»  /мюзикл/;

29 қазан – Н.Гоголь «Ревизор» /трагифарс/;

30 қазан – С.Раев «Меккеге қарай ұзақ жол» /әфсана/;

31 қазан – У.Шекспир «Асауға тұсау» /комедия/;

1 қараша – Н.Жақыпбай «Жанарымдағы  жалғыз  әуен» ең үздік қойылымдарын ұсынды.

Сондай-ақ, фестивальдің салтантты кешінде арнай Қырғыз елінен келген қонақтарымыз, Театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбайға театр өнеріндегі тың ізденістері үшін, режиссерлік жоғары шеберлігі мен Ш.Айтматов шығармаларын кеңінен жаюда қосқан үлесі үшін «Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықты» табыстады. Сонымен қатар, әлемдік театр өнерін дамытуда қосқан үлесі үшін және Қырғыз қаламгерлерінің шығармалары бойынша қойылған спектакльдерде ең үздік образдарды сомдағаны үшін театрымыздың негізін қалаушылары Әділ Ахметов және Дәурен Серғазин Қырғызстан Республикасы мәдениет министрлігі атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің  ұйымдастыруымен өткен «Астана Дарыны 2017» байқауында театрымыздың актері Мейірғат Амангелдин «Театр» номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, театрымыздың драма және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі Назерке Жұмабай «Журналистика» номинациясы бойынша марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында Театр өнері мен қоса, кино өнерінде талайды тамсандырып, көрермен жүрегінен орын алып үлгерген театрымыздың негізін қалаушылардың бірі Әділ Ахметов Астананың 20 жылдық дамуына кинематография саласында қосқан үлесі үшін «Астана-Ардағым» мерейтойлық сыйлығымен марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында театрымыздың белгілі де белді актері, көптеген ертегілердің қоюшы режиссері Бейбіт Құсанбаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі атынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, қазақ сахна өнеріне қосқан сүбелі еңбегі үшін Әділ Ахметов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері атанды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік қарсаңында театрымыздың режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Бекболат Құрманғожаев және көрермендер жөніндегі директордың орынбасары, «ҚР Мәдениет қайраткері» Лазима Сайбанова ерен  еңбектері үшін Астана қаласының әкімі Әсен Өрентайұлы Исекешев атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.

2018 жылдың қаңтар айында белгілі театр және кино актері, «Жастар театрының» негізін қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов ҚР Ұлттық ұланы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгісімен марапатталды.

2018 жылдың қаңтар айында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов еліміздің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері атанды.

2018 жылдың наурыз айында Халықаралық Театр күні мерекесі аясында «Жыл энергиясы» номинациясы бойынша «Алтын кулиса» премиясының жүлдесімен «Жасауыл» парабола әфсанасы марапатталды. Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайткері Бекболат Құрманғожаев.

Сондай-ақ, театрымыздың актерлері Дәурен Серғазин, Ербол Тілеукенов жəне Айман Есенқызы Астана қаласының əкімі Əсет Өрентайұлы Исекешевтің атынан арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Қазақстан Театрлар Ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен, 27-наурыз – Халықаралық Театр күні мерекесіне орай, театрымыздың негізін қалаушылардың бірі, талантты актер Дәурен Серғазин «Үздік актер» номинациясы бойынша «Саxнагер-2018» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

Сонымен қатар, театрымыздың жас әрі талантты актриссасы Назерке Серікболова Сахнагердің арнайы «Үміт» сыйлығымен марапатталды.

2018 жылдың 19-21 мамыр күндері  Астана қаласының Мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен Елордамыздың 20-жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында «Жастар театрының» Атырау қаласында өнер көрсетті.

Атыраулық көрермендер назарына 19 мамыр Ғ.Мүсіреповтың «Жібек» мюзиклін, 20 мамыр У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын, 21 мамыр Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музықалық қойылымын ұсынды.

Сонымен қатар, 22-23 мамыр күндері Құрманғазы атындағы Мəдениет сарайында «Жастар театрының» гастрольдік сапары өтті.

Гастроль барысында театр репертуарындағы 22 мамыр күні Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесін, 23 мамыр күні Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын және 22-23 мамыр күндері жас бүлдіршіндерге арналған «Ұр, тоқпақ» халық ертегісін ұсынды. Атыраулық көрермендердің ыстық ықыластарына, зор қошеметтеріне бөлендік.

2018 жылдың 26-28 мамыр күндері  Астана қаласының Мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен Елордамыздың 20-жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында «Жастар театры» Ақтау қаласында өнер көрсетті.

Ақтаулық көрермендер назарына 26 мамыр Ғ.Мүсіреповтың «Жібек» мюзиклін, 27 мамыр Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музықалық қойылымын, 28 мамыр У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын ұсынды.

Сонымен қатар, 29 мамыр – 2 маусым күндері «Жастар театрының» гастрольдік сапары өз жалғасын тапты.

Гастроль барысында Каспийдің толқынынан жаратылған Ақтаулық көрермендер назарына:

Мамыр 29 күні Форт-Шевченко қаласының Мәдениет үйінде Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесін және Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын, 30 мамыр күні Жаңаөзен қаласының «Мұнайшы» мәдениет үйінде Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесін және Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын, 31 мамыр күні Мұнайлы ауданының «Қызылтөбе» аудандық мәдениет үйінде Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесін, 1 маусым күні Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының сахнасында Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесін және У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын, 2 маусым күні Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын және Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклін ұсынды.

Аталмыш гастрольдік қойылымдар өте жоғары деңгейде өтті. Театр сүйер қауымның және киелі маңғыстаулық көрермендердің ыстық ықыластарына, зор қошеметтеріне бөлендік.

Театрымыздың негізін қалаушылардың бірі, белгілі театр және кино актерлері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Аxметов және Баxыт Хаджыбаев Ақтау қаласында «Қазақстан Патриоты» мерейтойлық белгімен марапатталды.

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы «Жаһандағы қазақстандық мәдениетті дамыту» жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен 2018 жылдың 5-14 маусымы аралығында Грузия мемлекетінің Гори қаласында өткен Халықаралық «Комедия фестиваліне» өнер көрсетті.

Шығармашылық ұжым өнерін Халықаралық фестивальдердің бірінде тамашалап, аса жоғары бағалаған Грузияның белгілі театр сыншысы Лаша Чхартишвилидің арнайы шақыртуымен фестиваль бағдарламасына іріктеусіз қабылданған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы  6 маусым күні Грузия өнерсүйер қауымының назарына ұсынылды.

Қоюшы режиссеріҚазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 10-16 маусым күндер аралығы Астана қаласының 20 жылдығына орай  «SAMGAU» Халықаралық театр фестивалінің VI маусымы өтті. Дәстүрлі түрде алтыншы мәрте шымылдығын түрген мәдени шараға Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстен, Сербия елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермендер назарына үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Астана қаласы әкімдігі Жастар театры Н.Гогольдің «РЕВИЗОР» трагифарсымен ашып, фестиваль қорытындысы бойынша Астана қаласы әкімдігі Жастар театрының актері Дәурен Серғазин «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.

Елордамыздың 20-жылдық мерейтойына орай театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Шымылдығын түрген күннен шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған жасампаз театрдың өнер өлкесін мойындатуда республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы, әр түрлі фестивальдерге қатысып бақ сынауы жас труппаға үлкен серпін беретіні айқын.

Осы тұрғыдан келгенде 2018 жылдың 22 маусым мен 9 шілде күндері аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі фестивальдердің бірі  Daegu International Musical Festival (DIMF) Тэгудегі ХІІ Халықаралық мюзикл фестиваліне театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклі қатысуға лайық деп танылып, ресми шақыртуға ие болды.

15 күнге созылған аталмыш фестивальде қатаң іріктеуден өткен ұжымдар саны 34 болса, қойылымдар саны 80-ге жетіп жығылды. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе деп есептейміз.

Фестивальде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, Арнайы дипломмен марапатталды. (Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай).

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 17-21 қыркүйек күндер аралығында өткен Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және көрнекті театр актері, режиссер, Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлар фестивалі аясында Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» театр майталмандары мен көрермендердің қошеметіне бөленіп, Бас жүлдені қанжығасына байлады.

Республикалық дәстүрлі бұл байқауда Жастар театры Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, «Үздік қойылым» иегері атанды.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Қазақстан өңірлеріндегі Астананың мә­де­ниет күндері аясында Алма­ты, Шым­кент, Тараз, Балқаш, Қара­ғанды қа­ла­ларында өткен гастроль­дік сапар қыр­күйек айының 20-сы мен қазанның 16-сына дейін жал­ғасты. Гастроль бағ­дарламасына театр репертуарындағы ең үздік қойы­лымдар іріктеліп алынып, өңір көрермендерін қуантты. Атап ай­тар болсақ, Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» сахналық повесі, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, М.Леви­дің «Жер мен көктің арасы»­ мелодрамасы, Ж.П.Пило, О.Шуль­тездің «Моцарт» мюзиклі, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, Ғ.Мүсі­реповтің «Жібек» спектаклі және балдырғандарға арналған Ю.Алесиннің «Золушка» музыкалық ертегісі Орталық және Оңтүстік өңірдің қала­лары көрермендері мен шаһар қонақ­тарының толассыз қошеметі мен ыстық ықы­ласына бөленіп қайтты.

Өткен маусымның жаңалығына айнал­ған Ғ.Мүсі­реповтің «Жібек» мюзиклімен «Жас­тар театры» жылашар бағдарл­а­масын да жандандырып, ХІІ маусым шымылдығын түрді.

2018 жылдың 10-14 қараша күндер аралығында  Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен  Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұйымдастыруымен  белгілі режиссер, актер, ақын  Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формадағы сахналанған спектакльдердің ІІ Республикалық театр фестиваліне Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Дәурен Серғазиннің  режиссерлгімен сахналанған  Н.Коляданың  «Тасбақа үміт» психологиялық драмасымен бақ сынап, Тасбақа ролі үшін белгілі актер Бейбіт Құсанбаев «Екінші пландағы ер адам ролі» номинациясымын марапатталды.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 12-17 қараша күндер аралығы Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында өткен  «Айтматов және театр – 2018» Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті.

Бұл ауқымды фестивальде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Италия сынды мемлекеттермен қатар, Қазақстанның белгілі бірқатар  өнер ордаларымен бірлесе Жастар театры Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» әфсанасымен бақ сынап, «Үздік қойылым» номинациясы бойынша жүлделі І орын иесі атанды.  (Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай).

2018 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Астана қаласы жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға және қолдауға бағытталған «Елорда Жастар сыйлығы» байқауында театрымыздың актрисасы Шехназа Қызыханова «Театр» номинациясының жеңімпазы атанды.

2018 жылдың 10 желтоқсан күні Елордамыз Астананың Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми ауысқан күні. Осындай айтулы күннің аясында Астананың төрінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Елорда жұлдызы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Әсем қала Астанамыздың мәдениетін дамытуға және Астананың атынан шет елдерде жоғары деңгейде өнер көрсеткендері үшін Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Елорда жұлдызы» сыйлығымен марапатталды.

Театрымыз 2018 жылдың соңында үш бірдей марапатқа ие болып жатыр.

Ия, Өздеріңіз білетіндей, тек қана елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен танылып үлгерген «Анаға апарар жол» фильмі тағы да өз жемісін беруде. Нақтырақ айтар болсақ, аталмыш фильм үшін ҚР Президенті Жарлығымен театрымыздың танымал актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовке «Мемлекеттік сыйлықтың иегері» марапаты табысталды.

Сонымен қатар, Еліміздің Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында Театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, көптеген бейнелермен қалың көрерменнің көңіл төрінен орын тепкен, тағы да театрымыздың белгілі актері Дәурен Серғазин «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері атанды.

Үздіктердің қатарында болып, театрымыздың директоры Ернар Жұматаев қазақ театр өнерінің дамуына қосқан сүбелі еңбегі үшін «Құрмет ордені» белгісімен марапатталды.

2019 жылдың 18-28 сәуір күндер аралығы Түркия елінің Конья қаласында ХІІ Халықаралық Түркітілдес елдер арасындағы «Мың тыныс – бір дауыс» фестивалінде Ғ.Мүсреповтің «Жібек» мюзиклімен өнер көрсетті.

2019 жылдың 21 мамыр «Мәдениет және өнер қызметкерлер күні» кәсіби мерекесіне орай театрымыздың Мемлекеттік сатып алу маманы – Динара Маталип, костюм цехінің меңгерушісі – Мархабат Табылда, референт – Ботагөз Ташмаганбетова Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Бауыржанұлы Мажағұловтың атынан арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ, директор орынбасары – Азамат Антаев, бас есепші – Руслан Аленов, мамандар бөлім басшысы – Айжан Ескендирова, қойылым бөлімінің меңгерушісі – Мұрат Ордаханов, режиссердің көмекшісі – Нұрфат Вахитов, бас балетмейстер – Анар Жүсіпова Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңес алқасының бұйрығына бойынша
«Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, театрымыздың директоры – Ернар Құрбанбекұлы, дыбыс операторы – Сәбит Қойбағаров, хормейстер – Анель Токирова Нұр-Сұлтан қаласы, «Сарыарқа» ауданының әкімі Ерғали Қуандықұлы Егемберді атынан арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 10-16 маусым күндер аралығы «SAMGAU» Халықаралық театр фестивалінің VIІ маусымы өтті.
Дәстүрлі түрде жетінші мәрте шымылдығын түрген мәдени шараға Ресей, Литва, Қырғызстан, Өзбекстен елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермендер назарына үздік қойылымдарын ұсынылды.

Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың «АЙМАН-ШОЛПАН» музыкалық комедиясымен ашты. Фестивальге қатысқаны үшін арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

БҮГІНДЕ ТЕАТР РЕПЕРТУАРЫНДА 46 СПЕКТАКЛЬ БАР. КӨПШІЛІКТІҢ ҚОШЕМЕТІНЕ ИЕ БОЛҒАН ӨНЕР ТУЫНДЫСЫНЫҢ ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫ ДА АЙРЫҚША АТАП ӨТУГЕ ТҰРАРЛЫҚ ҚЫЗЫҚТЫ ҚОЙЫЛЫМДАР.

Әкімшілік

new

Жаңалықтар

new