Ғани Әбдуалиұлы ҚҰЛЖАНОВ

Театр және кино актері, Мемлекеттік дәрежедегі іс-шаралар жүргізушісі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

1965 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келді.

1987 жылы Алматы Мемлекеттік «Театр және Кино» институтына КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Шолпан Исабекқызы Жандарбекова және Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамовтың классына қабылданды.

1990 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында ең алғаш М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» қойылымындағы Айбар ролін сомдаған. Сонымен қатар, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Гортензио, Ж.Аймауытовың «Ақбілегінде» –  Мұсабай, Ә.Кекілбаевың «Абылай ханында» – Әбілмансұр, Г.Гауптманның, «Ымырттағы махаббат» спектаклінде – Э.Кламрот, Қ.Ысқақов пен Шахимарденнің «Қазақтарында» – Қасымхан, Д.Исабековтың «Әпкесінде» –  Омар, Қ. Аширдың «Қабыл – Адам Ата перзенті» спектаклінде – Абыл бейнелерін сомдады.

1998 жылы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Құмар ролі үшін Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Бүгінде актердің шығармашылық қоржынында 50-ден астам роль бар.

«Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм» киностудияларында киноға түсіп, көптеген бейне сомдады. «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке» телехикаяларындағы –  Джохангир, Диас рөльдері көпшілік қауымның көңілінен шықты.

Ғани Құлжанов – «Азия дауысы», «Жас қанат», «Жұлдыздар құттықтайды» т.б.үлкен байқаулар мен мерекелік іс-шаралардың тұрақты жүргізушісі ретінде де көпшілік көрерменге кеңінен танымал.

2007 жылдың қаңтар айынан бастап, Астана қаласының әкімдігінің және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының шақыруымен театрға актер болып, қабылданды. Сол жылы Астана қаласында жаңадан құрылған Жастар театрының директоры қызметіне тағайындалып, өте іскер, талапшыл басшы ретінде танылды. Ғ.Құлжановтың тынымсыз, қажырлы еңбегінің арқасында аз ғана уақыт ішінде драма және қуыршақ театрларының труппасы қалыптасып, 2007 жылдың 5 шілдесінде жас ұжым шымылдығын ашып та үлгерді. Қай жұмысты да тындырыммен атқаратын өнер иесі, бір жылдың ішінде еліміздің жеті бірдей облысында гастрольдік сапар ұйымдастырып, жаңа театрдың көпшілікке танылуына тікелей себепкер болды. 2013 жылдың қыркүйек айына дейінгі директорлық қызметінде Жастар театрының жеткен әрбір жетістігі – Ғ.Құлжановтың елеулі еңбегі екені сөзсіз.

2013 жылдан бастап жеке шығармашылығына көңіл бөлу мақсатында директорлық міндетінен бас тартып,  Жастар театры сахнасына актер болып қайта оралды.

 

 

Театрдағы рөлдері:

2015 ж.  Ж.Б.Мольер «Ақымақ болған басым-ай…» /комедия/ – Сотанвиль мырза (Қоюшы режиссер – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері);

2016 ж. Ә.Кекілбаев «Нартәуекел» /халықтық қаһармандық драмалық дастан/ Әбілмәмбет (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері);

2017 ж. Ж.Құлмамбетов  «Жасауыл» /парабола/әфсана/Ақ хан, Қара хан, Қызыл хан, Күрең хан (Қоюшы режиссер – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері);

 

Кинодағы ролдері:

 

Жетістіктері:

Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты;

2015 ж. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

2016 ж. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалінің иегері;

2018 ж. ҚР Ұлттық ұланы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгісінің иегері;

 

Толығырақ