Бекболат Болатжанұлы ҚҰРМАНҒОЖАЕВ

  • актер, режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры

Өмірбаян

1954 ж. Алматы облысы, Талғар ауданы, Фрунзе совхозында дүниеге келген.

 Қысқаша шығармашылық ғұмыры:

1973-1975ж.ж. аралығында Чехославакияда әскер қатарында жүріп, «Центральная группа войск ЦГВ» ән-би ансамблінің бишісі болды.

1975-1979 жылдары «Молодой балет Алматы» (бүгінгі Академиялық классикалық би ансамблі, жетекшісі – ҚР халық артисі Б.Аюханов) өнер ұжымында қызмет етті.

1979-1993ж.ж. аралығында М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері болып, 40-тан астам кейіпкер бейнесін көрерменмен қауыштырды. Олардың қатарында: М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» – Бірсінбай, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» – Қозы, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» – Мәңгүрт, «Ана – Жер Ана» – Қасым, Н.Хикмет «Фархад – Шырын» – Фархат, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Люченцио, Е.Шворц «Күлше қыз» – Ханзада және т.б. бар. Халық қаһарманы, режиссер Ә.Мәмбетовтің қойылымдарында С.Майқанова, Ы.Ноғайбаев, А.Әшімов, Ә.Молдабеков, Н.Жантөрин, С.Оразбаев сынды сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсете жүріп, рухани дәріс алып, шеберлігін шыңдады.

Бекболат Болатжанұлының театрдан бөлек, кино өнеріне де қосқан үлесі орасан зор. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында дубляжға қатысып, 1000-нан астам фильмді қазақша дыбыстады: А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» – Інжухан, «Жас Абай» – Абай, «Қош бол, Гүлсары» – Танабай, Қ.Қасымбектің «Жас Жамбыл» – Жамбыл, С.Тәуекелдің «Махамбеттің қылышы» – Жәңгірхан, және басқа да фильмдерде басты кейіпкерлерді экраннан сөйлетті. «Хабар», «Қазақстан», «Астана», «7-арна» және Президенттің телеарнасында 10 000-ға жуық телесериал мен деректі фильмдердің дикторлық мәтінін оқыды. Олардың қатарында: «Блистательные Азераки», «Шина – королева джунглей», «Человек разорвавший тысячи цепей», «Выстрель в Далласе», «Замок Саган», сондай-ақ «Перекресток» телесериалдары және т.б бар.

1995-2004 ж.ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ұстаздық жұмыс атқарды: кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметтерінен бөлек, шәкірт тәрбиелеумен де түбегейлі айналысып келеді. Академия қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттері Солтүстік Қазақстан және Ақтау қаласындағы қазақ театрларының негізін қалады. Өзге тәлімгерлері де облыстық, академиялық театрларда қызмет атқарып жүр.

Академияда жұмыс істеген жылдары студенттердің қатысуымен М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының негізінде сахналанған режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымында Көксерек рөлін ойнады. Аталған спектакль 1998 жылы М.Әуезовтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымастырылған халықаралық театрлар фестивалінде лауреат атанды.

2001 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасында көрерменге жол тартқан Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шөл үстінде... өлі тыныштық...» драмасында Шыңғысхан рөлімен Астана және Алматы қалаларының театрсүйер жұртшылығын тәнті етіп, сахна мамандары тарапынан жоғары баға алды.

2004–2012 ж.ж Астана қаласында Қазақ Ұлттық өнер университетінің факультет деканы.

2005–2010 ж.ж аралығында Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Ә.Мәмбетовтің көмекшісі болып, осы кезеңде әйгілі режиссермен шығармашылық бірлікте А.Чеховтың «Ваня ағай», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», У.Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» қойылымдарын қайта жаңғыртып, жаңа тыныс сыйлады. Бекболат Болатжанұлы сахналаған О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасы да көпшіліктің сүйіп тамашалайтын қойылымына айналды. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры сахнасында ойнаған «Ромео мен Джульеттадағы» (У.Шекспир) – Меркуцио, А.Дударевтың «Кеш» драмасындағы – Гастрит рөлдерімен де көрермен есінде қалды.

2014 жылы «Қазақстан» телеарнасы түсірген «Қазына» телехикаясында Бексұлтан рөлінде ойнады.

Бүгінгі таңда Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігі «Жастар театрының» режиссері қызметін абыроймен атқарып келеді.

Театр

Ә.Кекілбаев «Нартәуекел» /халықтық қаһармандық драмалық дастан/ – Қалден Шері (Қоюшы режиссер – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері). 

 

Жастар театрындағы режиссерлік жұмысы:

2014.ж. С.Қасымбек «Наурыз Ару» /ертегі/;

2015 жЖ.Б.Мольер «Ақымақ болған басым-ай...» /комедия/ ;

2016 ж. С.Қасымбек «Лифт» /психологиялық драма/;

2016 ж. Д.Саламат «Жаңа жылды кім ертіп келеді?» /ертегі/;

2017 ж. Ж.Құлмамбетов «Жасауыл» /парабола/әфсана/:

2018 ж. Ж.Омаров «Құлыншақ пен Бөлтірік» /ертегі фантазтия/;

2018 ж. М.Әуезов «Қарагөз» /драма/ - Ж.Шанин атындағы академиялық театр, Шымкент қаласы;

2019 ж. В.Шекспир «Гамлет» /трагедия/ - Ж.Шанин атындағы академиялық театр, Шымкент қаласы;

2020 ж. Б.Әлімжанов «Қарыз бен Қаспақ» /комедия/;