ТЕАТР

Театр тарихы

Біз туралы

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» МКҚК

Жастар театры – сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Небәрі 14 жылдық тарихында халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулардан 13 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем.

Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айының 5-ші жұлдызында құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы Жаныш Құлмамбетов, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) түрді. Театрдың тұңғыш директоры қызметіне Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов тағайындалса, 2013-2015 жылдары театр тізгіні Жаудыр Айболатта, ал 2015-2020 жылдар аралығында Ернар Жұматаевта болды. Бүгінгі таңда бұл қызметті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әділ Ахметов абыроймен атқарып келеді. Көркемдік жетекші және бас режиссер – театрдың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Театр актерлерінің 99 пайызы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері – профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, режиссер Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында тәрбиеленген шәкірттер. Өнердің үлкен даңғылына шыққан жас театрдың негізін қалаушы бір топ қыз-жігіттер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Жандәулет Батай, ҚР Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері Айнұр Рахипова, «Еңбек даңқы» төс белгісінің иегері Азамат Эсқұлов, «Қазақстан патриоты» мерейтойлық белгісінің иегері Бақыт Хаджыбаев, кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» грамотасының иегері Мәдина Май, кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» грамотасының иегері Махаббат Мадғұлова бүгінгі таңда ұжымның аға буыны.

Шымылдығын түрген күннен шығармашылық ортада өз сүрлеуін салған дарынды театрдың өнер өлкесін мойындатуда республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы жас труппаға үлкен серпін берді. Атап айтар болсақ, 2007-2008 жылдар аралығында театр ұжымы еліміздің батыс өңірі - Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе; Павлодар облысы – Павлодар, Екібастұз, Ақсу; Қызылорда, Шымкент, Қарағанды сынды еліміздің ірі-ірі қалалары мен елді-мекендерін аралап, өз өнерін паш етті. Республикалық және Халықаралық театр фестивальдерінде өзгелерден оза шауып, жүзден жүйрік шығуы да Жастар театрының жұлдызын биік етті.

2008 жылдың қазан айында Ш.Айтматовтың туғанына 80 толуына орай ұйымдастырылған Қырғыз Республикасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық «АRТ ОRDО» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған «Жан азабы» спектаклі (инсценировка авторы  Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация: «Ең үздік спектакль» – Гран-При, «Жоғары деңгейдегі көркемдік шешімі үшін» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарымен марапатталды. Ал дәл осы жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес, Н.Гогольдің «Ревизоры» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесіне лайық  деп танылды.

2009 жылдың сәуір-мамыр айларында театр ұжымы Алматы облысының 12 ауданы мен 36 елді-мекенінде қойылым қойып, гастрольдік сапарын сәтті өткізді.

2009 жылы Қарағанды қаласында 10 күндік өнер сапарын өткізіп, сонымен қатар, Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған XVII Республикалық театрлар фестивалінде Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклі (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  Халық артисі «Жәмила Шашкина» атындағы сыйлықтың иегері атанды. Кәсіби тұрғыда шыңдалған қызықты қойылымдарымен қарағандылық жұртшылықты тәнті етіп қайтты. Сондай-ақ, 2010 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ Халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы Ж.Құлмамбетов) қатысып, «Үздік режиссер», «Үздік Шыңғысхан рөлі» (Шыңғысхан рөлі үшін Әділ Ахметов) аталымындағы жүлделерге лайық деп танылды. Жоғары дәрежеде өнер көрсеткен театр ұжымы актерлік, режиссерлік шеберліктерінің кәсіби деңгейде екенін тағы да дәлелдей түсті (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

Театр тарихы

Жастар театрының талантты өнерпаздары 2010-2011 жылдары Тараз, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда қалаларында гастрольдік сапарда болып, өңір халқын өнерімен сусындатты.

2011 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ұйымдастырылған XIX театрлар фестивалінде С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол»  қойылымы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  «Ең үздік спектакль» – Гран-При сыйлығының иегері атанды.

2011 жылдың қараша айында директордың орынбасары Ләзима Сайбанова Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

2012 жылдың 9-13 сәуірі аралығында Ашхабад қаласында өткен «Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері» атты халықаралық театрлар фестивалінде Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклі (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) жоғары бағаланып, арнайы дипломмен марапатталды.

2012 жылы Алматы қаласында Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында театрдың 5 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті.

2012 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизор» қойылымы Гран-При – «Ең үздік спектакль» жүлдесіне лайық деп танылды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2012 жылы Жастар театры соңғы жылдардағы спектакльдері үшін Мәдениет және өнер саласында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығымен  марапатталды.

2013 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Эскишехир қаласы губернаторының арнайы шақыруымен Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымы Эскишехир қаласы тұрғындары мен қонақтары назарына ұсынылды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2013 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында жазушы-драматург Т.Ахтановтың 80 жылдығына арналған ХХI Республикалық театр фестивалінде Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» қойылымы (инсценировка авторы және қоюшы режиссері Нұрқанат Жақыпбай, режиссері Дәурен Серғазин)  «Ең үздік жастар образы» номинациясын иеленді.

2014 жылдың қыркүйек айы театр ұжымы үшін табысты болды: Қызылорда қаласында өткен С.Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII Республикалық драма театрлар фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (қойылым режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) топқа түскен Жастар театры қазылар алқасының шешімімен «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесін  қанжығасына байлады.

2014 жылдың қазан айында Ақтау қаласында өткен Орта Азия мемлекеттерінің V Халықаралық театрлар фестивалінде Гогольдің «Ревизор» трагифарсы тағы да топ жарып, труппа мерейін үстем етті. Жастар театры ұжымы «Ең үздік спектакль» – Гран-При және «Ең үздік ер адам бейнесі» (Хлестаков ролі үшін Дәурен Серғазин) жүлдесімен марапатталды (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай).

2014 жылдың қараша айында Алматы қаласында өткен Халықаралық «Откровение» театр фестиваліне Марк Левидің «Жер мен Көктің арасы» мелодрамасымен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды (қойылым  режиссері Дәурен Серғазин).

2014 жылы театр режиссері Бекболат Құрманғожаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  атағы берілді, желтоқсан айында театр актері Әділ Ахметов Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты атанды.

  2015 жылдың маусым айында Татарстанның Қазан қаласында өткен Түркі халықтарының ХІІ «Наурыз» Халықаралық драма театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, фестивальдің арнайы дипломымен марапатталды.

2015 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында ұйымдастырылған XXIIІ Республикалық драма театрлар фестивалінде С.Жүнісовтің «Тырау-тырау тырналар...» драмасы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды.  

2015 ЖЫЛДЫҢ 1 НАУРЫЗЫНАН БАСТАП ЖАСТАР ТЕАТРЫ  ЖАҢА ҒИМАРАТҚА  ИЕ БОЛЫП, ІХ ТЕАТР МАУСЫМЫНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫН ТӨЛ ШАҢЫРАҒЫНДА ТҮРДІ.

2015 жылы театр актерлері: Ғани Құлжановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  атағы берілді, Әділ Ахметов пен Жандәулет Батай  ҚР Президенті стипендиясының иегері, ал 2016 жылы Мәдениет және өнер саласындағы жоғары жетістіктері үшін Дәурен Серғазин Тұңғыш Президент – «Елбасы қоры» сыйлығының лауреаты атанды. 

2016 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауға театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып,    «Жылдың үздік режиссері» аталымында жеңімпаз деп танылды және Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл – 2016» кәсіби сыйлығының иегері болды.  

 2016 жылдың қыркүйек айында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдығына орай, Белорусь Республикасының Брест қаласында ұйымдастырылған «Белая Вежа» ХХІ Халықаралық театрлар фестиваліне театр ұжымы Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтің «Шыңғысхан» әфсанасымен (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  қатысып, «Ең әсерлі қойылым» /«За зрелищное воплощение поэтической притчи»/  аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды.

Сондай-ақ, дәл осы жылдың қыркүйек айында  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІV Республикалық театрлар фестивалінде Ж.П.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклімен (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай)  бақ сынап,  «Үздік спектакль» – Гран-При жүлдесінің иегері атанды.  

2016 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орта Азия елдерінің VI Халықаралық фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы жүлделі  І орынды иеленді.

    2016 жылдың қараша айында, жыл қорытындысы бойынша, театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай  театр (режиссура) саласына қосқан қомақты үлесі үшін  «Мәдениет қайраткері» аталымында «Жыл таңдауы»  –  «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

2016 жылдың 6-7 желтоқсан күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай, Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» («Абылай хан») халықтық қаһармандық-драмалық дастанының премьерасы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ, атаулы мейрам қарсаңында театрымыздың актерлері Ғани Құлжанов пен Бейбіт Құсанбаев, директордың орынбасары Ләзима Сайбанова  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

2017 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай, Қазақстан Театрлар Ассоциациясы тағайындаған театр өнеріндегі қол жеткізген шығармашылық жетістіктері үшін «Сахнагер – 2017» Ұлттық театр сыйлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай  «Жылдың үздік режиссері» және театр актері Мейірғат Амангелдин «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды.  

Сәуір айында У. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) Түркістан қаласында өткен қазақтың тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» Халықаралық фестивалінің «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесінің  және «Үздік әйел бейнесі» (Катарина ролі үшін Айнұр Рахипова), «Қойылымдағы ұтымды бейне» (Пертручио ролі үшін Әділ Ахметов) аталымындағы жүлделердің иегері болды.

2017 жылдың 20-26 сәуірі күндері аралығында  Алматы қаласында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында театрдың 10 жылдығына орай гастрольдік есеп беру сапары өтті.

2017 жылдың маусым айында Н.Коляданың «Тасбақа үміт» психологиялық драмасы (қойылым режиссері  Дәурен Серғазин) Ресей Федерациясы, Екатеринбург қаласында заманауи драматургия бойынша өткен ХІ Халықаралық «Коляда–PLAYS» театр фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.

Осы жылдың шілде айында Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» халықтық қаһармандық-драмалық дастаны (қойылым  режиссері  Нұрқанат Жақыпбай) Астана қаласында ұйымдастырылған Қазақстан Ұлттық этникалық театрларының ІV Республикалық фестивалінде «Тарихи тақырыптағы режиссерлік шешімі үшін» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) және «Үздік ер адам бейнесі» (Абылайхан рөлі үшін Әділ Ахметов) аталымында жеңімпаз атанды.   

 

Жастар театры сахнасында көрерменге ұсынылар қойлымдар өзінің жоғары көркемдік деңгейімен, әлемдік театр мәдениеті жетістіктерін иегеру біліктілігімен ерекшеленеді:

2017 жылдың қыркүйек айында Уфа қаласында өткен «Туғанлық» VI Халықаралық түркітілдес театрлар  фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизоры» (қойылым режиссері Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация «Кәсіби жабдық пен ансамбльдік ойын үшін», «Үздік музыкалық безендіру», «Екінші пландағы Үздік әйел бейнесі» (Анна Андреевнаның ролі үшін Махаббат Мадғұлова) аталымдарында үздік ретінде марапатталды.

Осы айда Бішкек қаласында өткен VI Халықаралық «ART-ORDО» театр

фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (қойылым режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, режиссерлері Бекболат Құрманғожаев, Дәурен Серғазин) «Үздік режиссер» жүлдесін  қанжығасына байлады және Нұрқанат Жақыпбайға «Қырғызстан театр қайраткерлері одағы Театр өнері академиясының академигі» құрметті атағы берілді. 

 

Жасампаз Жастар театрына 2017 жылы 10 жыл толды!

Сондай-ақ, көркемдік жетекшісі, әрі бас режисері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай 70-ке келді.

Жастар театры ХІ маусымын 25 қазан күні театрдың 10 жылдық, театрымыздың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты үздік қойылымдар фестивалімен шымылдығын түрді. 

Фестиваль аясында көрермендер назарына:

25 қазан – Ә.Кекілбаев «Нартәуекел» /халықтық қаһармандық  драмалық дастан/;

26 қазан – Ш.Айтматов «Жан азабы» /әфсана/;

26 қазан – Т.Ахметжан «Сұлу мен суретші» /ноктюрн/;

27 қазан – Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаев  «Шыңғысхан» /әфсана/;

28 қазан – Ж.П.Пило, О.Шультез  «Моцарт»  /мюзикл/;

29 қазан – Н.Гоголь «Ревизор» /трагифарс/;

30 қазан – С.Раев «Меккеге қарай ұзақ жол» /әфсана/;

31 қазан – У.Шекспир «Асауға тұсау» /комедия/;

1 қараша – Н.Жақыпбай «Жанарымдағы  жалғыз  әуен» ең үздік қойылымдарын ұсынды.

Фестивальдің салтантты қорытынды кешінде арнайы Қырғыз елінен келген қонақтарымыз Нұрқанат Жақыпбайға театр өнеріндегі тың ізденістері үшін, режиссерлік жоғары шеберлігі мен Ш.Айтматов шығармаларын кеңінен жаюда қосқан үлесі үшін «Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықты» табыстады. Сонымен қатар, әлемдік театр өнерін дамытуда қосқан үлесі үшін және Қырғыз қаламгерлерінің шығармалары бойынша қойылған спектакльдерде ең үздік образдарды сомдағаны үшін театрымыздың негізін қалаушылары Әділ Ахметов және Дәурен Серғазин Қырғызстан Республикасы мәдениет министрлігі атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің  ұйымдастыруымен өткен «Астана Дарыны-2017» байқауында театрымыздың актері Мейірғат Амангелдин «Театр» номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, драма және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, өнертану магистрі Назерке Жұмабай «Журналистика» номинациясы бойынша марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында театрмен қоса, кино өнерінде талайды тамсандырып, көрермен жүрегінен орын алып үлгерген театрымыздың негізін қалаушылардың бірі Әділ Ахметов Астананың 20 жылдық дамуына кинематография саласында қосқан үлесі үшін «Астана-Ардағым» мерейтойлық сыйлығымен марапатталды.

2017 жылдың желтоқсан айында театрымыздың белгілі де белді актері, көптеген ертегілердің қоюшы режиссері Бейбіт Құсанбаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, қазақ сахна өнеріне қосқан сүбелі еңбегі үшін Әділ Ахметовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік қарсаңында театрымыздың режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Бекболат Құрманғожаев және көрермендер жөніндегі директордың орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Лазима Сайбанова ерен  еңбектері үшін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің «Алғыс хатымен» марапатталды.

2018 жылдың қаңтар айында белгілі театр және кино актері, Жастар театрының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов ҚР Ұлттық ұланы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау әскеріне 25 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

2018 жылдың қаңтар айында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов еліміздің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. 

2018 жылдың наурыз айында Халықаралық Театр күні мерекесі аясында «Жыл энергиясы» номинациясы бойынша «Алтын кулиса» премиясымен «Жасауыл» парабола әфсанасы марапатталды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. 

 Сондай-ақ, театрымыздың актерлері Дәурен Серғазин, Ербол Тлеукенов жəне Айман Есенқызы Астана қаласының əкімі Əсет Исекешевтің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды. 

2018 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай, Қазақстан Театрлар Ассоциациясы тағайындаған театр өнеріндегі қол жеткізген шығармашылық жетістіктері үшін «Сахнагер – 2018» Ұлттық театр сыйлығымен Дәурен Серғазин «Үздік актер» және театрымыздың жас әрі талантты актрисасы Назерке Серікболова «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды. 

2018 жылдың 19-21 мамыр күндері  аралығында Астана қаласы Мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен Елордамыздың 20 жылдығына орай, Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында, Жастар театры Атырау қаласында өнер көрсетті. Атыраулық көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтың «Жібек» мюзиклі, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы ұсынылды.

Сонымен қатар, 22-23 мамыр күндері Құрманғазы атындағы Мəдениет сарайында Жастар театрының гастрольдік сапары өтті. Гастроль барысында Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» сахналық повесін, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын және  бүлдіршіндерге арналған «Ұр, тоқпақ!» халық ертегісін тамашалады. Сөйтіп, Жастар театры көрермендердің ыстық ықыластарына, зор қошеметтеріне бөленді. 

2018 жылдың  26-28 мамыр күндері  Астана қаласы Мəдениет жəне спорт басқармасының ұйымдастыруымен Елордамыздың 20 жылдығына орай, Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдениет күндері аясында Жастар театры Ақтау қаласында өнер көрсетті. Ақтаулық көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтың «Жібек» мюзиклі, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы ұсынылды.

Сонымен қатар, 29 мамыр мен 2 маусым аралығында да Жастар театрының гастрольдік сапары өз жалғасын тапты. Гастроль барысында  Форт-Шевченко қаласының Мәдениет үйінде, Жаңаөзен қаласының «Мұнайшы» мәдениет үйінде, Мұнайлы ауданының «Қызылтөбе» аудандық мәдениет үйінде, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының сахнасында өз өнерлерін көрсетті.

Аталмыш гастрольдік қойылымдар өте жоғары деңгейде өтті. Шығармашылық ұжым театрсүйер қауымның және киелі маңғыстаулық көрермендердің ыстық ықыластарына, зор қошеметтеріне бөленді. 

Театрымыздың негізін қалаушылардың бірі, белгілі театр және кино актерлері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Аxметов және Бахыт Хаджибаев «Қазақстан Патриоты» мерейтойлық белгісімен марапатталды.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы «Жаһандағы қазақстандық мәдениетті дамыту» жобасы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен 2018 жылдың 5-14 маусымы аралығында Грузия мемлекетінің Гори қаласында өткен халықаралық «Комедия» фестивалінде өнер көрсетті.

Шығармашылық ұжым өнерін халықаралық фестивальдердің бірінде тамашалап, аса жоғары бағалаған Грузияның белгілі театр сыншысы Лаша Чхартишвилидің арнайы шақыртуымен фестиваль бағдарламасына іріктеусіз қабылданған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы  6 маусым күні Грузия өнерсүйер қауымының назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 10-16 маусым күндері аралығында, Астана қаласының 20 жылдығына орай,  «SAMGAU» Халықаралық театр фестивалінің VI маусымы өтті. Дәстүрлі түрде шымылдығын түрген мәдени шараға Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстан, Сербия елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермендер назарына үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Астана қаласы әкімдігі Жастар театры Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсымен ашып, фестиваль қорытындысы бойынша Дәурен Серғазин «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «Астана - 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

2018 жылдың 22 маусымы мен 9 шілде күндері аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі фестивальдердің бірі  Daegu International Musical Festival (DIMF) Тэгудегі ХІІ Халықаралық мюзикл фестиваліне театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклі қатысуға лайық деп танылып, ресми шақыртуға ие болды.

15 күнге созылған аталмыш фестивальде қатаң іріктеуден өткен ұжымдар саны 34 болса, қойылымдар саны 80-ге жетіп жығылды. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе болды.

Фестивальде Жастар театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, арнайы дипломмен марапатталды. (Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай).

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 17-21 қыркүйек күндері аралығында өткен Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және көрнекті театр актері, режиссер, Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлар фестивалі аясында Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры театр майталмандары мен көрермендердің қошеметіне бөленіп, Бас жүлдені қанжығасына байлады.   Республикалық бұл дәстүрлі байқауда Жастар театры Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, «Үздік қойылым» иегері атанды.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Қазақстан өңірлеріндегі Астананың мә­де­ниет күндері аясында Алма­ты, Шым­кент, Тараз, Балқаш, Қара­ғанды қа­ла­ларында өткен гастроль­дік сапар қыр­күйек айының 20-сынан қазанның 16-сына дейін жал­ғасты. Гастроль бағдарламасына театр репертуарындағы ең үздік қойы­лымдар іріктеліп алынып, өңір көрермендерін қуантты. Атап ай­тар болсақ, Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» сахналық повесі, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, М.Леви­дің «Жер мен көктің арасы»­ мелодрамасы, Ж.П.Пило, О.Шуль­тездің «Моцарт» мюзиклі, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, Ғ.Мүсі­реповтің «Жібек» мюзиклі және балдырғандарға арналған Ю.Алесиннің «Золушка» музыкалық ертегісі Орталық және Оңтүстік өңірдің қала­лары көрермендері мен шаһар қонақ­тарының толассыз қошеметі мен ыстық ықы­ласына бөленіп қайтты. 

Өткен маусымның жаңалығына айнал­ған Ғ.Мүсі­реповтің «Жібек» мюзиклімен Жас­тар театры жылашар бағдарл­а­масын да жандандырып, ХІІ маусым шымылдығын түрді.

2018 жылдың 10-14 қараша күндері аралығында  Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық драма театрының ұйымдастыруымен  белгілі режиссер, актер, ақын  Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формадағы сахналанған спектакльдердің               ІІ Республикалық театр фестиваліне Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Дәурен Серғазиннің  режиссерлгімен сахналанған  Н.Коляданың  «Тасбақа үміт» психологиялық драмасымен бақ сынап, Тасбақа рөлі үшін белгілі актер Бейбіт Құсанбаев «Екінші пландағы ер адам рөлі» номинациясымын марапатталды.

Сонымен қатар, Театр ұжымы 2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығында Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында өткен  «Айтматов және театр – 2018» Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті.

Бұл ауқымды фестивальде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Италия сынды мемлекеттермен қатар, Қазақстанның бірқатар белгілі өнер ордаларымен бірлесе Жастар театры Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» әфсанасымен бақ сынап, «Үздік қойылым» номинациясы бойынша жүлделі І орын иесі атанды.  (Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай).

2018 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Астана қаласы жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға және қолдауға бағытталған «Елорда Жастар сыйлығы» байқауында театрымыздың актрисасы Шехназа Қызыханова «Театр» номинациясының жеңімпазы атанды.

2018 жылдың 10 желтоқсаны – Астананың Алматыдан Ақмола қаласына ресми ауысқан күні. Осындай айтулы күннің аясында Астананың төрінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Елорда жұлдызы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Әсем қала Астанамыздың мәдениетін дамытуға және Астананың атынан шет елдерде жоғары деңгейде өнер көрсеткендері үшін Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Елорда жұлдызы» сыйлығымен марапатталды.

Театрымыз 2018 жылдың соңында үш бірдей марапатқа ие болды. Өздеріңіз білетіндей, тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен танылып үлгерген «Анаға апарар жол» фильмі тағы да өз жемісін берді. Аталмыш фильм үшін ҚР Президенті Жарлығымен басты рольді орындаушы Әділ Ахметовке 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сонымен қатар, Еліміздің Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында театр және кино саласында аянбай еңбек етіп, көптеген образдармен қалың көрерменнің көңіл төрінен орын алған Дәурен Серғазинге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Театрымыздың директоры Ернар Жұматаев қазақ театр өнерінің дамуына қосқан сүбелі еңбегі үшін «Құрмет ордені» белгісімен марапатталды.

Жастар театры 2019 жылдың 18-28 сәуір күндері аралығында Түркия елінің Конья қаласында өткен ХІІ Халықаралық Түркітілдес елдер арасындағы «Мың тыныс – бір дауыс» фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен өнер көрсетті.

2019 жылдың 21 мамыры «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне орай театрымыздың Мемлекеттік сатып алу маманы Динара Маталип, костюм цехінің меңгерушісі Мархабат Табылда, референт Ботагөз Ташмаганбетова Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сондай-ақ, директор орынбасары Азамат Антаев, бас есепші Руслан Аленов, мамандар бөлім басшысы Айжан Ескендирова, қойылым бөлімінің меңгерушісі Мұрат Ордаханов, режиссердің көмекшісі Нұрфат Вахитов, бас балетмейстер Анар Жүсіпова Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес алқасының бұйрығы бойынша
«Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалімен марапатталды. 

Сондай-ақ, театрымыздың директоры Ернар Құрбанбекұлы, дыбыс операторы Сәбит Қойбағаров, хормейстер Анель Токирова Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі Ерғали Егембердінің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды. 

Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 10-16 маусым күндері аралығында «SAMGAU» Халықаралық театр фестивалінің VIІ маусымы өтті.
Дәстүрлі түрде жетінші мәрте шымылдығын түрген мәдени шараға Ресей, Литва, Қырғызстан, Өзбекстен елдерінің және еліміздің бірнеше өңірінің театрлары көрермендер назарына үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальдің шымылдығын алғаш болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашып, арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.

2019 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар театрының негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайға және театр директоры Ернар Жұматаевқа өзінің «Алғыс хатын» жолдады.

Елорда күні мерекесі қарсаңында театрымыздың қызметкерлері Сабит Қойбағаров - дыбыс операторы, Абылай Анин – жүргізуші, Аман Макин - ағаш шебері, Жандарбек Даньяров - сахна машинисті, Нұржан Батырбеков – сантехник Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің «Алғыс хатымен» марапатталды.

23-28 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасы, Ош қаласында Қырғызстан Республикасының Халық артисі Жамал Сейдакматованың 80 жылдық мерейтойына арналған «АRT-ORDО» VІІ Халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматов, О.Бөкей, Р.Мұқанованың «Ғасырдан да ұзақ...» триптихімен өнер көрсетіп, «Үздік қойылым» - Гран-при жүлдесін иеленді.

2019 жылы театрымыздың белгілі актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министірлігінің бұйрығымен «Мәдениеттің үздік қызметкері» төс белгісімен марапатталды.

2019 жылдың 3-6 қазан аралығында жастар театры Петропавл, 8-10 қазан аралығында Көкшетау қалаларында гастрольдік сапарын өткізді. Гастроль барысында көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклін, С.Қасымбектің «Лифт» психологиялық драмасын, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымын, сондай-ақ, жас бүлдіршіндерге арнап Дж.Роддаридің «Чиполлино» ертегісін ұсынды.

2019 жылдың 18-24 қараша күндері аралығында Түрікменстан Республикасы, Ашхабад қаласында өткен Европа мен Азия елдерін тоғыстырған  ІІІ Халықаралық «Өркендеу дәуіріндегі театр өнері» фестиваліне қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Аталмыш фестивальде Қазақстан, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Уакраина, Қырғызстан, АҚШ, Ауғанстан, Тәжікстан, Үндістан, Татарстан сынды мемлекеттердің сахна өнері салтанат құрды. Қазақстан Республикасының үмітін үкілеп бақ сынаған Жастар театры классик жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклін әлемнің сахнагерлері жиналған сахнада ортаға салды. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың парасатты шешімдері мен театр әртістерінің ойыны, сахналық ұжымның еңбегі көпшілікті селт еткізбей қоймады. Ерекше құрмет пен қазылар алқасының жоғары бағасын алған қазақстандық ұжым шығармашылық тәжірибе алмасып, елге шабытпен оралды. 

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында театрымыздың белгілі артистері Бекжан Керімбаев және Алтынай Нұрбек Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен марапатталды. Айман Есенқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Қазақстандық салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы атынан театр басшысы Ернар Құрбанбекұлы және театрымыздың белгілі артистері Азамат Эсқұлов, Жандаулет Батай, Нұрлыбек Төлеген, Диана Смағұлова, сондай-ақ, директордың орынбасары Азамат Антаев «Еңбек даңқы» төс белгісімен марапатталды.

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі атынан режиссердің көмекшісі Нұрфат Вахитов, театрымыздың белгілі артистері Мадина Май, Махаббат Мадғұлова, Мадина Жұмабаева, сондай-ақ, театр қызметкерлері Жандарбек Данияров, Нұржан Батырбеков, Баян Айтымова «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің атынан театрымыздың артистері Алтынай Нұрбек, Данияр Уразаев, сондай-ақ, «Ақпарат және жарнама» бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Мухамбетжанова «Алғыс хатпен» марапатталды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Мәкен Бақтияр Мәкенұлының атынан театрымыздың артистері Нұрбек Әділбек, Нұрбек Алибек «Алғыс хатпен» марапатталды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Сыдықов Нұрлан Ерболатұлының атынан театрымыздың реквизит бөлімінің меңгерушісі Жаннұр Құлтаева «Алғыс хатпен» марапатталды.

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Қуандықұлы Егемберді атынан театрымыздың қызметкері Нариман Холмирзаев «Алғыс хатпен» марапатталды.

2019 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, Қазақстан Театрлар Ассоциациясы тағайындаған театр өнеріндегі қол жеткізген шығармашылық жетістіктері үшін «Сахнагер – 2019» Ұлттық театр сыйлығымен Ерлан Тұяқов «Үздік костюм суретшісі» және театрымыздың жас әрі талантты актрисасы Шехназа Қызыханова «Үміт» номинациясы бойынша марапатталды. 

Театрымыздың жас, әрі талантты актері Нұрбек Алибек «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.

ҚР Президентінің 2020 жылғы 20 тамыздағы Жарлығы бойынша театрымыздың негізін қалаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, театр және кино актері Бекболат Құрманғожаев «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

2020 жылдың қыркүйек айында Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі, белгілі театр және кино актері, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Әділ Ералыұлы Ахметов  Жастар театрының директоры қызметіне тағайындалды.

ҚР Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығы бойынша театрымыздың директоры Әділ Ахметов «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталды.

«DIMF-2020» XIV Халықаралық мюзикл фестивалінің биылғы өту форматы ерекше болды. 2007  жылдан бері қатысқан 61 мемлекеттің ішінен 284 қойылымның арасынан іріктеліп, ең үздік 9 қойылым, /оның ішінде Жастар театры/ әлем назарына ұсынылды. Атап айтар болсақ, Словакия, Қытайлық Тайпей, Франция, Қазақстан, Франция, Словакая, Қытай, Испания, Қытай елдерінің қойылымдарын көрермендер тамашалай алды.

Фестиваль 23 қазан мен 1 қараша аралығында DIMF-тің /Deagu International Muzical Festival/ YouTube каналынан онлайн түрде әлем назарына ұсынылды. Қазақстан мемлекеті атынан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар театрының «Жібек» мюзиклін (авторы – Ғ.Мүсірепов, музыкасын жазған – Е.Брусиловский) 26-27 қазан күндері көрермендер тамашалады. Спектакльдің режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ.

 

БҮГІНДЕ ТЕАТР РЕПЕРТУАРЫНДА 50-ГЕ ТАРТА СПЕКТАКЛЬ БАР. КӨПШІЛІКТІҢ ҚОШЕМЕТІНЕ ИЕ БОЛҒАН ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫ - АЙРЫҚША АТАП ӨТУГЕ ЛАЙЫҚ.

Жетістіктер

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«Жастар театры» МКҚК

12

Үздік қойылым

6

Үздік режиссер

18

Арнайы диплом