1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
Осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оған мыналар:
1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;
2) кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;
3) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетiлетiн қызметтер;
4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма және оны орындау шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
5) жарналар (салымдар) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;
6) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ведомстволары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;
7) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;
8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер қосылмайды. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:
шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;
қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;
инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;
инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға әкеп соқпаса, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
1-1) аукцион адымы – аукцион нысанасының бағасы төмендетілетін ақшалай аралық;
2) әлеуетті өнім беруші – мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға осы жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, әлеуеттi өнiм берушi болуы мүмкiн;
3) әлеуетті өнім берушінiң үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;
4) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;
4-1) біліктілік органы – әлеуетті өнім берушілерді алдын ала біліктілікті іріктеуді жүзеге асыратын және білікті өнім берушілер тізбесін қалыптастыратын, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;
5) бiртектi тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;
6) мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары – дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызының әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді;
7) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);
8) жұмыстар – заттық нәтижесi бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;
9) конкурстық баға ұсынысы – конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынған, конкурсқа қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;
10) конкурстық комиссия (аукциондық комиссия) – осы Заңда көзделген конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімін орындау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалы орган. Конкурстық комиссия (аукциондық комиссия) тақ саннан, бірақ кемінде үш адамнан тұруға тиіс;
11) конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) – конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімге қойылатын талаптар, конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;
12) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесi жоқ қызмет;
13) Қазақстан Республикасының резиденттерi – шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына сол мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар азаматтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шетелде уақытша жүрген немесе оның шегiнен тыс жерлерде мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және оның шегiнен тыс жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде орналасқан дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;
14) мемлекеттік сатып алу – Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қызметтер көрсетуге байланысты кірістерді қоспағанда, тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;
15) мемлекеттiк сатып алу веб-порталы – мемлекеттiк сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынатын мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесі;
16) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдігі немесе аудан, қала, қаладағы аудан әкімдігі орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
16-1) мемлекеттік сатып алуды нормалау – сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарды белгілеу, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес әзірленетін және бекітілетін заттай нормалар;
17) мемлекеттік сатып алудың сәйкестендіру коды – мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдері туралы ақпарат қамтылған, әрбір мемлекеттік сатып алуға (лотқа) берілетін сәйкестендіру нөмірі;
18) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімі – әлеуетті өнім берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, тиісті комиссия осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын өзара байланысты, дәйекті іс-шаралар кешені;
19) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілері – әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор, уәкілетті орган, сарапшы;
20) мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;
21) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
22) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт – осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;
23) нұсқама – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын және (немесе) оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін, сондай-ақ осы бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қабылдау үшін бақылау объектілеріне жіберілетін, орындалуы міндетті уәкілетті органның актісі;
24) өнім беруші – тапсырыс берушiмен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта оның контрагенті ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, мұндай жеке тұлға өнiм берушi болуы мүмкiн;
25) сараптама комиссиясы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;
26) сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші тартатын, өткізілетін мемлекеттік сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар жеке тұлға;
27) тапсырыс берушілер – мыналарды:
ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық басқарушы компанияларды, ұлттық компанияларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, оның ведомстволарын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдарды және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруында болатын заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;
мүліктік кешендер ретіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес, кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген заңды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;
28) тауарлар – нәрселер (заттар), оның iшiнде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәрiздес күйдегi шикiзат, электр және жылу энергиясы, зияткерлiк меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмiлелерiн жасасуға болатын заттық құқықтар;
29) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқоры – мемлекеттік сатып алу веб-порталының бір бөлігі болып табылатын, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қалыптасқан ең төмен, орташа және ең жоғарғы бағалар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық кіші жүйе;
30) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – уәкілетті орган айқындаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;
31) ұлттық режим – егер мұндай режимді ұсыну туралы талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленсе, шетелде шығарылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілерге отанымызда шығарылатын тауарлармен, жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілермен тең шарттарда мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беруді көздейтін режим;
32) шартты баға – конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысына конкурстық құжаттамада көзделген өлшемшарттардың салыстырмалы мәнiн қолдануды ескере отырып есептелген және конкурстың жеңiмпазын айқындау мақсатында конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру кезiнде ғана пайдаланылатын баға;
33) электрондық әмиян – әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотында орналастыратын, конкурсқа, аукционға және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуге байланысты есеп айырысу операцияларын жүзеге асыруға арналған жеке шоты.
Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз) Заңдарымен.
3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге де қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары
Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру:
1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;
2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;
4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;
5) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;
6) мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;
7) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;
8) инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
9) сатып алынатын тауарлар құрамындағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау қағидаттарына негізделеді.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі
1. Мемлекеттік сатып алу процесі:
1) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) әзірлеуді және бекітуді;
2) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;
3) мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауды қамтиды.
2. Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.
Тапсырыс беруші тиісті бюджет бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін, тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.
Мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс берушілер даму жоспары немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.
Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейінгі сатыларда да, нақтыланғанға дейінгі сатыларда да жеке әзірленеді және бекітіледі.
Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін қолданылады.
Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына ауысады.
Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілген (нақтыланған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді (нақтылайды).
Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) мынадай мәліметтер:
1) мемлекеттік сатып алудың сәйкестендіру коды;
2) анықтамалыққа сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы, оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған сомалар;
3) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі мен мерзімдері;
4) тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің жоспарланатын мерзімдері мен орны;
5) осы Заңның 43-бабында көзделген жағдайларда, әрбір қаржы жылына бөлінген және көзделген сомалар шегінде, графикке сәйкес және жылдар бойынша бөле отырып, тауарлар берудің, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудің жоспарланатын мерзімдері;
6) осы Заңның 51-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары қамтылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көзделген жағдайларда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында осы тармақтың сегізінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді бекітеді.
Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 153-бабының 7-тармағы орындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітеді.
Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу басымдығын негізге алуға тиіс.
3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) жасаған кезде, мыналарды:
1) өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;
2) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
Тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда, лотта тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі.
4. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтықта бюджетке (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекітуге (нақтылауға) жол берілмейді.
5. Жобалау-сметалық құжаттамасы бар жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында):
1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған соманың отыз пайызы мөлшерінде алдын ала төлемді (аванс) көрсетуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.
6. Тапсырыс беруші мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекiтілген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.
7. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы мынадай:
1) мемлекеттiк кәсiпорындардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруы;
2) бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша, оның ішінде камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды, хабарламаларды орындау;
3) бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу, сондай-ақ бюджетті нақтылау және түзету кезінде;
4) осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шешімді қабылдау;
5) өкілдік шығыстарға байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
6) өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындылары бойынша үнемдеу есебінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.
8. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгiзілуге жатпайды.
9. Тапсырыс беруші бекітілген не нақтыланған мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.
Тапсырыс берушілер екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда, тиісті бюджет бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдауға құқылы.
10. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуды қоспағанда, бекiтiлген (нақтыланған) мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуға жол берiлмейдi.
11. Осы Заңның 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні таңдау осы Заңдa айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
12. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының құпиялылығын қамтамасыз етеді.
13. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
14. Тапсырыс беруші не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешімнің қабылданғаны туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған кезден бастап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы конкурсқа (аукционға) және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімді ақша түріндегі қамтамасыз етуді бұғаттан шығарады.
Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз).